«Онлайн желідегі құқықтар мен бостандықтарды аумақтық және профильдік өзара әрекеттер механизмін арттыра отырып насихаттау жұмыстарының нәтижесі, қиындықтары мен даму келешегі»
26-27 сәуір 2023 жылы Алматы қаласында Америка заңгерлер ассоциациясының (ABA ROLI) ұйымдастыруымен «Онлайн желідегі құқықтар мен бостандықтарды аумақтық және профильдік өзара әрекеттер механизмін арттыра отырып насихаттау жұмыстарының нәтижесі, қиындықтары мен даму келешегі» тақырыбында конференция өтті. Аталған іс-шараға Қазақстан, Өзбекістан, Тәжікістан, Қырғызстаннан келген адвокаттар, журналисттер және заң өкілдері, халықаралық сарапшылар қатысты.
Аталмыш конференция аясында интернет желісіндегі сөз бостандығына мән беріліп, әлемдік желі арқылы жасалынатын құқықбұзушылықтардың алдын алуға себепші болатын шаралар жөнінде сөз қозғалды. Мемлекеттер арасында тәжірибемен бөлісудің маңыздылығы аталып өтті.
Конференция барысында Тәжікістаннан келген SMART аумақтық желісінің менеджері Баходур Саидов мырза интернет желісінде жасалатын қылмыстар жөнінде сөз қозғап, интернет желісі арқылы қылмыс жасау жолын қылмысты дәрежелеу кезінде жеке белгі ретінде қараудың қажеттілігі жоқ екенін алға тартты.
Т.Зинович ханым өз баяндамасында интернет желідегі адамдардың құқықтарын қорғауда, сондай-ақ қылмыстарды тергеуде және біліктілікті арттыруда арнайы мамандардың жетіспеушілігі жөнінде сөз қозғап, SMART аумақтық желісінің жұмысын әрі қарай да жалғастыру, дамыту қажеттілігін айтты.
Халықаралық эксперт А.Сушко өз баяндамасында Қазақстан, Өзбекістан, Тәжікістан, Қырғызстан елдерінің интернет желісіндегі адамдардың құқықтары мен бостандықтары жайында жасалған есептерімен танысқандығын айтып, ол елдердің жасаған ұсыныстарын талдады. Блогерлерді журналисттермен теңестіре отырып, оларға тиісті міндеттерді заң жүзінде жүктеу ұсынысымен өзінің келіспейтіндігін алға тартты.
Ал халықаралық эксперт Гриффис Бен «цифрлық» дәуірдегі адамдардың жеке өмірге қолсұғылмаушылық құқығы мен жалған ақпараттарды бақылау мәселесін көтеріп, халықаралық ынтымақтастықтың қажеттілігін айтты. БҰҰ резолюциясын еске салып, Еуропалық одақтың жеке мәліметтерді қорғаудың жалпы ережелері жөніндегі қаулысын атап өтті.
Алматы қалалық адвокаттарының біліктілігін арттыру орталығының жетекшісі Г.Бакирқызы SMART аумақтық желісінің жұмысын «Орталық Азия заңгерлерінің Лигасы» қоғамдық бірлестігі түрінде жалғастыру қажеттілігін айтып, ұсыныс жасады.
Сонымен қатар «Өзіңнің интернет желідегі цифрлық құқықтарыңды біл» атты 2023 жылы жарық көрген жаңа аумақтық практикалық нұсқаулықтың бірлескен авторы, АҚАА адвокаты И.Р.Дамирұлы аталған іс-шараның маңыздылығын атап өтіп, интернет желісінде жасалатын қылмыстардың субъектілеріне қойылатын заң талаптарын күшейту қажеттігін айтты.
Алматы қалалық адвокаттар алқаасының адвокаты А.Бахтиярқызы өз тәжірибесімен бөлісіп, интернет желісі арқылы жасалатын қылмыстарды тергеу барысында адвокаттар кездесетін мәселелерді көтерді.
Тәжікістандағы «Интернет саясатының азаматтық бастамасы» ҚҚ жетекшісі П.Ибодова SMART аумақтық желісінің жұмысын дамыта отырып, осы бағдарлама аясында жасалатын ұсыныстарды заң нормаларына енгізу жолдарын іздеу қажеттігін атап өтті.
Аумақтық конференцияның нәтижесі бойынша резолюция қабылданып, жаңа ұсыныстар енгізілді.