Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы
Қазақстан Республикасының Заңы 2018 жылғы 5 шілдедегі № 176-VІ ҚРЗ.
2-БӨЛІМ. МЕМЛЕКЕТ КЕПІЛДІК БЕРГЕН ЗАҢ КӨМЕГІ
2-тарау. МЕМЛЕКЕТ КЕПІЛДІК БЕРГЕН ЗАҢ КӨМЕГІНІҢ ЖҮЙЕСІ
25-бап. Мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсететін тұлғалар және оны көрсету тәртібі
Мемлекет кепілдік берген заң көмегін:
1) мемлекеттік органдар “Ақпаратқа қол жеткізу туралы” Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен, өз құзыреті шегінде құқықтық ақпарат беру түрінде өтеусіз;
2) адвокаттар осы Заңда белгіленген тәртіппен; ЗҚАИ-ның ескертпесі!
25-бапты 2-1) тармақшамен толықтыру көзделген – ҚР 20.06.2022 № 128-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
3) нотариустар “Нотариат туралы” Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген жағдайларда және тәртіппен өтеусіз;
4) жеке сот орындаушылары “Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы” Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген жағдайларда және тәртіппен, әлеуметтік маңызы бар істер санатын орындау кезінде өтеусіз көрсетеді.
Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда, мемлекет кепілдік берген заң көмегін өзге тұлғалар өтеусіз көрсете алады. ЗҚАИ-ның ескертпесі!
26-бап жаңа редакцияда көзделген – ҚР 20.06.2022 № 128-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
26-бап. Мемлекет кепілдік берген заң көмегін алуға құқығы бар тұлғалар
1. Мемлекет кепілдік берген заң көмегін құқықтық ақпарат беру түрінде тегін алуға барлық жеке және заңды тұлғалардың құқығы бар.
2. Құқықтық консультация беру, сондай-ақ соттарда, қылмыстық қудалау органдарында, өзге де мемлекеттік органдар мен мемлекеттік емес ұйымдарда жеке тұлғалардың мүдделерін қорғау және білдіру түріндегі мемлекет кепілдік берген заң көмегі:
1) Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес әкімшілік жауаптылыққа тартылған тұлғаға;
2) Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасына және Қазақстан Республикасының әкімшілік сот ісін жүргізу туралы заңнамасына сәйкес талап қоюшыға;
3) Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасына сәйкес күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға, сотталған адамға, ақталған адамға, жәбірленушіге;
4) алименттер өндіріп алу, зейнетақы мен жәрдемақылар тағайындау, ақтау, босқын немесе қандас мәртебесін алу мәселелері бойынша жеке тұлғаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған кәмелетке толмағандарға осы Заңда және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен көрсететіледі. Адвокаттар қажет болған жағдайларда құқықтық сипаттағы жазбаша құжаттар жасайды.
3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында көрсетілген тұлғалар Қазақстан Республикасының аумағында мемлекет кепілдік берген заң көмегін тұрғылықты жеріне және орналасқан жеріне қарамастан алуға құқылы.
4. Мемлекет кепілдік берген заң көмегіне мұқтаж тұлғаның мүддесіне орай оның өкілі заңда белгіленген тәртіппен осындай көмек көрсету туралы өтінішхатпен жүгіне алады. Ескерту. 26-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 13.05.2020 № 327-VI (“Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы” ҚР Кодексіне (Салық кодексі) тиісті өзгерістер мен толықтырулар қолданысқа енгізілген күннен кейін қолданысқа енгізіледі); 29.06.2020 № 351-VI (01.07.2021 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
27-бап. Мемлекет кепілдік берген заң көмегіне мұқтаж тұлғаның құқықтары мен міндеттері
1. Мемлекет кепілдік берген заң көмегіне мұқтаж тұлғаның:
1) мемлекет кепілдік берген заң көмегіне теңдей қол жеткізуге;
2) өз құқықтары, міндеттері және мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету шарттары туралы ақпарат алуға;
3) мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсететін тұлғаларға тегін заң көмегін көрсету үшін өтініш жасауға;
4) мемлекет кепілдік берген заң көмегін Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен алуға немесе оны алудан бас тартуға;
5) мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсететін тұлғалардың әрекеттеріне не әрекетсіздігіне осы Заңда және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен шағым жасауға;
6) мемлекет кепілдік берген заң көмегі көрсетілген мәселенің құпиялығына құқығы бар.
2. Өзіне осы Заңның 15-бабының 2) және 3) тармақшаларында көзделген, мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету туралы өтінішхатпен жүгінген тұлға:
1) өзінің мемлекет кепілдік берген заң көмегін алуға құқығын растайтын, тізбесін уәкілетті орган бекітетін құжаттарды ұсынуға;
2) мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету шарттарына ықпал ететін мән-жайлардың өзгергені туралы уақтылы хабарлауға;
3) мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету қажеттігіне негіз болған ақпараттың анықтығын қамтамасыз етуге міндетті.
28-бап. Адвокаттар көрсететін мемлекет кепілдік берген заң көмегін ұйымдастыру, оны көрсету тәртібі және есепке алу
1. Адвокаттардың мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсетуге қатысуын облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың адвокаттар алқасы уәкілетті органмен келісу бойынша, Республикалық адвокаттар алқасы айқындаған тәртіппен заң көмегінің бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы ұйымдастырады.
Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың адвокаттар алқасы жыл сайын бірінші желтоқсаннан кешіктірмей аумақтық әділет органына мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету жүйесіне қатысатын адвокаттардың тізімін жібереді.
2. Мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету жүйесіне қатысу үшін адвокаттарды іріктеудің өлшемшарттарын Республикалық адвокаттар алқасы бекітеді.
3. Мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету жүйесіне қатысатын адвокаттар тізіміне қосудың артықшылықты құқығы кешенді әлеуметтік заң көмегін көрсететін адвокаттарға беріледі.
Тізімде адвокаттың тегі, аты, әкесінің аты (ол бар болған жағдайда), адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензияның нөмірі мен берілген күні, адвокаттық қызметті ұйымдастыру нысаны, адвокаттық қызметтің атауы және оны жүзеге асыру орны көрсетіледі.
4. Адвокаттар алқасының төралқасы адвокаттардың тізімін кезең-кезеңімен жаңартып отырады және жаңартылған күйде ұстайды.
Қылмыстық процесті жүргізетін органдардың, соттардың немесе әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді қарауға уәкілеттік берілген органдардың (лауазымды адамдардың) тағайындауы бойынша білікті заң көмегін көрсету үшін адвокатты таңдау заң көмегінің бірыңғай ақпараттық жүйесінің көмегімен жүзеге асырылуы мүмкін.
5. Аумақтық әділет органы жыл сайын он бесінші желтоқсаннан кешіктірмей, адвокаттармен мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету туралы келісім жасасады.
Уәкілетті орган Республикалық адвокаттар алқасының ұсынымдарын ескере отырып әзірлейтін және бекітетін келісімнің нысанында адвокаттардың облыс, республикалық маңызы бар қала, астана аумағында тұратын халықты заң көмегімен толыққанды қамтамасыз ету жөніндегі міндеттері және оның шарттары қамтылуға тиіс. ЗҚАИ-ның ескертпесі!
6-тармаққа өзгеріс енгізу көзделген – ҚР 20.06.2022 № 128-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
6. Аумақтық әділет органы жыл сайын жиырма бесінші желтоқсаннан кешіктірмей мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету жүйесіне қатысатын адвокаттардың тізімін тиісті облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың аумағында таратылатын мерзімді баспасөз басылымында жариялайды және өзінің интернет-ресурсына орналастырады.
Республикалық адвокаттар алқасы жиырма бесінші желтоқсаннан кешіктірмей заң көмегінің бірыңғай ақпараттық жүйесінде мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету жүйесіне қатысатын адвокаттардың тізімін орналастырады.
7. Құқықтық консультация беру түріндегі, мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету өтініш иесі өтініш жасаған кезде бірден адвокаттың қызметтік үй-жайында жүзеге асырылады. Заң көмегін өтініш иесі өтініш жасағаннан кейін бірден көрсету мүмкін болмаған кезде, ол үш жұмыс күнінен аспайтын мерзімде көрсетілуге тиіс. Адвокат өтініш иесіне қабылдау күні мен уақыты туралы қолжетімді нысанда хабарлайды.
8. Егер өтініш иесі жүріп-тұруындағы қиындықтарға байланысты ауыр науқасы, мүгедектігі немесе өзге де мән-жайлар салдарынан адвокат белгілеген қабылдау орнына келе алмайтындай жағдайда болса, құқықтық консультация беру оның болатын жерінде жүргізіледі.
Тұлға сол бір мәселе бойынша мемлекет кепілдік берген заң көмегін бір рет ала алады.
9. Мемлекет кепілдік берген заң көмегін есепке алуды осындай көмек ұсынған адвокат уәкілетті орган айқындаған тәртіппен жүргізеді.
10. Адвокаттар ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың бесінші күнінен кешіктірмей, өздері көрсеткен мемлекет кепілдік берген заң көмегі туралы есепті заң көмегінің бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы қалыптастырады.
Есеп нысанын Республикалық адвокаттар алқасының ұсынымдарын ескере отырып, уәкілетті орган бекітеді.
11. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың адвокаттар алқасы жыл сайын бесінші шілдеден және бесінші қаңтардан кешіктірмей, заң көмегінің бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы аумақтық әділет органына уәкілетті орган Республикалық адвокаттар алқасының ұсынымдарын ескере отырып бекітетін нысан бойынша адвокаттар көрсеткен, мемлекет кепілдік берген заң көмегі туралы жиынтық есеп ұсынады.
Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың адвокаттар алқасының жиынтық есебінде ауылдық елді мекендердің мемлекет кепілдік берген заң көмегімен қамтамасыз етілуі туралы ақпарат қамтылады. Ескерту. 28-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 09.06.2021 № 49-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Заңды 28-1-баппен толықтыру көзделген – ҚР 20.06.2022 № 128-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
29-бап. Мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсетуден бас тарту
1. Егер өтініш иесі жүгінімнің құқықтық сипаты болмаса, құқықтық ақпарат беру түріндегі мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсетуден бас тартылады.
2. Мынадай негіздердің бірі болған кезде: ЗҚАИ-ның ескертпесі!
1) тармақша жаңа редакцияда көзделген – ҚР 20.06.2022 № 128-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
1) өтініш иесі осы Заңның 26-бабының 2-тармағында көзделген мемлекет кепілдік берген заң көмегін алуға құқығы бар тұлғалар санатына жатпаса;
2) өтініш иесі жүгінімнің құқықтық сипаты болмаса, құқықтық консультация беру, қорғау және өкілдік ету түріндегі мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсетуден бас тартылады.
3. Мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсетуден бас тарту уәжді болуға тиіс және оған уәкілетті органға, сотқа Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін. Ескерту. 29-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 29.06.2020 № 351-VI Заңымен (01.07.2021 бастап қолданысқа енгізіледі).
30-бап. Мемлекет кепілдік берген заң көмегін қаржыландыру
Мемлекет кепілдік берген заң көмегін қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.