Сот жүйесіндегі мемлекеттік тілді жетілдіру
Бүгін, 22 қараша 2023 жылы, Алматы қаласының Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының (МАӘС) конференц-залында “Сот жүйесіндегі мемлекеттік тілді жетілдіру” тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Аталған дөңгелек үстелге АҚАА Баспасөз қызметі, Алматы қаласының заңгерлері және судьялар қатысып, пікір алмасты.
Дөңгелек үстелдің ашылу салтанатында Алматы қаласы МАӘС төраға міндетін уақытша атқарушы Төлегенов Тұрсынәлі Әлімханұлы сөз сөйлеп, МАӘС сот отырыстарында қазақ тілінің қолданылуының қадағаланатынын айтып, заңгерлерді талап-арыздарды мүмкіндігінше қазақ тілінде жазуға шақырды.
Ал МАӘС судьясы Жанатбекова Жанар Жанатбекқызы “Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотындағы мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейту” тақырынба баяндама оқып, қазіргі таңда, өкінішке орай, қазақ тілде жүргізілетін істер барлық МАӘС сот өндірісіндегі істердің 3%-н ғана құрайтынын айтты. Мысалы, келіп түскен әкімшілік істерге талдау жасау барысында 2022 жылы барлығы 5071 іс түскен, оның 4652- сі аяқталған, соның ішінде мемлекеттік тілде түскен істер саны 204 -ті құраған, 189 іс каралған, 2023 жылдың осы қараша айына дейін барлығы 5084 іс түскен, 4608 іс аяқталған, мемлекеттік тілдегі істер саны 158-ді құраған, оның 151-і қаралған.
АҚАА адвокаты Альбина Бахтиярқызы сот істерінде мемлекеттік тілді қолдану мәселелерін көтеріп, сапалы аудармалардың қажеттілігін алға тартты. Дөңгелек үстел нәтижесі бойынша қатысушылар жақын арада мемлекеттік тілді дамыту шаралары аясында басқа да мемлекеттік органдар өкілдері, атап айтқанда, Әділет Департаменті және заңгерлер, судьялар арасында кездесу өткізу қажеттілігін айқындады.